Азия Даму Банкінің Қазақстанға арналған жаңа стратегиясы декарбонизация мен инклюзив өсімді қолдауға бағытталған

Азия даму банкі (АДБ) Қазақстанға арнап елге экономиканың әртараптылығын, инклюзивтігін және тұрақтылығын арттыруға жәрдемдесуге бағытталған жаңа бесжылдық eлдік әріптестік стратегиясын (ЕӘС) бекітті.

2023-2027 жылдарға арналған жаңа АДБ ЕӘС үш стратегиялық басымдыққа баса назар аударады: климаттың өзгерту салдарын жою және экономиканы декарбонизациялау, инклюзив экономикалық өсімге жәрдемдесу және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру. Басым секторлар — энергетика, қаржы, мемлекеттік секторды басқару, көлік және қалаларды дамыту. Жаңа ЕӘС «Қазақстан-2050» стратегиясымен және орташа мерзімді экономикалық саясатпен келісілген.
«Біздің жаңа әріптестік стратегиямыз табыс деңгейі орташадан жоғары ел ретінде Қазақстанның қажеттіліктерін өтейді және үкіметке инклюзивтігі мен тұрақтылығы артқан экономикаға жету жолындағы негізгі мәселелерді шешуде қолдау көрсетеді», — деді АДБ Орталық және Батыс Азия жөніндегі бас директоры Евгений Жуков.
Қазақстан экономикасының көлемі жөнінен де, жерінің аумағы жөнінен де Орталық Азиядағы ең ірі ел болып келеді және субаймақты дамытуды негізгі роль ойнайды. Экономикалық тұрақтылығын жоғарылату үшін ел көміртегін көп қажет ететін өндіріс салаларына тәуелділікті азайту және құрылымдық реформаларды іске асыру есебінен экономиканы әртараптандыруды жеделдетуі қажет. 
Сәуір айында ҚР Энергетика министрлігінің сұрауы бойынша АДБ Қазақстандағы қазба отынмен жұмыс істейтін көмір және басқа электр станцияларын жеделдетіп істен шығару және банктің «Энергетикалық өту механизмі» бағдарламасы аясында оларды таза энергиямен алмастыру немесе қайта бейіндеу мүмкіндігін зерттеуді бастады.
«Біздің жаңа әріптестік стратегиямыз Қазақстанның экономикалық тұрақтылығын арттыруға, климаттың өзгеруімен байланысты мәселелерді шешуге, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, адами әлеуетті дамытуды жеделдетуге және теңсіздікті азайтуға бағытталған. Бұл бағыттардың қазіргі жаһандық және аймақтық контекстегі өзектілігі ерекше», — дейді АДБ Қазақстандағы өкілдігінің директоры Нариман Маннапбеков.  

Жаңа ЕӘС аясында АДБ бағдарламалық операциялар және экономикалық саясат шараларын қолдауға бағытталған операциялар арқылы құрылымдық реформаларды қолдайтын болады. Банк сондай-ақ білімге негізделген шешімдер ұсынып, саясат мәселелері бойынша диалог жүргізетін және мемлекеттік мекемелердің әлеуетін арттыруға жәрдемдесетін болады. АДБ сонымен қатар өзінің жеке сектордағы операцияларын, соның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті кеңейтеді және қаржы, агробизнес және мемлекеттік кәсіпорындар саласындағы реформаларды қолдайды.

Қазақстан — 1994 жылы АДБ акционері болған бірінші Орталық Азия елі. Содан бері мақұлданған мемлекеттік және жеке секторлардағы АДБ қарыздарының, сонымен қатар техникалық көмекті қаржыландыруға арналған гранттардың сомасы 6 миллиард АҚШ долларынан асады. 
Елге қолдауының аясында АДБ аймақтық байланыстарды, жеке секторды, гендерлік және әлеуметтік теңдікті дамытуға жәрдемдеседі, сонымен қатар білім саласындағы өнімдер мен қызметтерді ұсынады. Орталық Азиялық аймақтық экономикалық ынтымақтастық (ОААЭЫ) аясындағы аймақтық ынтымақтастық және интеграция бастамалары – әлі де Қазақстандағы АДБ операцияларының ажырамас бөлігі.
АДБ Азия-Тынық мұхит аймағының гүлденуіне, инклюзивтігіне, өміршеңдігіне және тұрақтылығына қол жеткізу мақсатына берік, сонымен бірге өзінің ең төмен деңгейдегі кедейлікті жою жұмыстарын жалғастыруда. АДБ 1966 жылы құрылған. Оның акционерлері – 68 ел, оның ішінде 49 ел аймақта орналасқан.

Дереккөз: Азия даму банкінің ресми сайты

Previous Жаңалықтар дайджесті: ОКҚ алаңындағы брифинг

Leave Your Comment