Қарағанды қаласында бой көтеретін жаңа университеттік аурухана жобасы халықаралық инвесторлармен кеңінен талқыланды. Азия даму банкінің (АДБ) алаңында өткен тендер алдындағы онлайн-конференцияда жобаның негізгі тетіктерімен болашағы сөз болды.
Іс-шарада Денсаулық сақтау министрлігінің, Азия даму банкі мен Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының өкілдері, сондай-ақ халықаралық инвесторлар диалог құрды.
Конференция барысында жобаның құрылымдық қаржыландыру моделі таныстырылып, конкурстық құжаттамаға енгізілген өзгерістер айтылды. Қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, жобаның тиімді іске асырылуына қатысты ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.
Осы орайда аталмыш жобаға 70-тен астам әлеуетті инвестор мен қаржы ұйымдарының өкілдері қызығушылық танытқанын атап өту қажет.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – Қазақстанда әлеуметтік маңызды жобаларды іске асырудың тиімді тетігіне айналып келеді. Денсаулық сақтау сияқты күрделі әрі жауапты салада бұл модель тек инфрақұрылымды жаңғыртудың ғана емес, сонымен қатар халыққа сапалы қызмет көрсету мен жаңа технологияларды енгізудің пәрменді құралына айналды.
Қарағандыдағы университеттік аурухана сынды ауқымды жобалар – мемлекет пен бизнестің ортақ жауапкершілігі әрі сенімді әріптестіктің нақты нәтижесі.