Қазақстандық МЖӘ орталығының өкілі Бішкекте өтіп жатқан 4-ші Халықаралық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік конференциясына қатысуда. Форум өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және мемлекет пен бизнестің тиімді серіктестігін дамытуға арналды.
Іс-шараны Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық инвестициялар агенттігіне қарасты Мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы Қырғыз Республикасы Үкіметінің, Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) және Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC) қолдауымен ұйымдастырды.
Аталған конференция тек Қырғыз Республикасында ғана емес, жалпы өңірде МЖӘ саласының дамуына серпін беретін маңызды шара болып табылады. Оның мақсаты – тәжірибе алмасу, үздік халықаралық тәжірибелерді талқылау және тұрақты әрі әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға арналған ортақ шешімдерді әзірлеу.
Қарқынды экономикалық даму мен мемлекет пен бизнестің серіктестігінің жаңа үлгілерін енгізу қажеттілігі жағдайында конференция диалог пен стратегиялық бастамаларды дамытуға, сондай-ақ қатысушылар арасындағы өзара сенімді нығайтуға арналған тиімді алаң болып отыр.
Форум аясында МЖӘ саласын дамытудың негізгі бағыттары талқыланады, соның ішінде:
• инновациялар мен жобаларды цифрландыру, олардың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету;
• «жасыл» энергетика мен орнықты даму, энергия үнемдеу және экологиялық таза технологияларды енгізу;
• білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылым салаларындағы әлеуметтік инвестициялар;
• өңірлік ынтымақтастықты нығайту және халықаралық тәжірибе алмасу.
Қырғызстанда өткізіліп келе жатқан халықаралық конференциялар МЖӘ саласында сенімді және беделді өңірлік алаңға айналды. Олар мемлекеттік органдардың, жеке сектордың, халықаралық ұйымдардың және қаржы институттарының өзара іс-қимылын арттыруға, сондай-ақ серіктестік байланыстар мен бірлескен бастамаларды дамытуға ықпал етуде.
Қазақстандық МЖӘ орталығының бұл конференцияға қатысуы еліміздің аймақтық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және мемлекет пен бизнестің өзара тиімді серіктестігін дамытуға деген ұстанымын айқындайды.