Қазақстандық МЖӘ орталығы Ақ кітап шығарды

Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен «МЖӘ жобаларын іске асыру жөніндегі практикалық ұсынымдар» атты Ақ кітапты жарыққа шығарды. Басылымда елімізде жинақталған тәжірибе, жиі кездесетін қателіктер мен үздік практикалар жүйеленіп, қазақстандық әріптестік моделі халықаралық тәсілдер мен стандарттармен салыстырылған.

Кітапта жобаның бүкіл өмірлік циклі кезең-кезеңімен талданады: бастамалау мен жоспарлаудан бастап қаржылық жабуға, пайдалану мен тәуекелдерді басқаруға дейін. Жекелеген бөлімдер мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің шарттық және институционалдық модельдеріне, қаржылық тетіктерге, People-First PPP қағидаттарына (халыққа нақты пайда әкелуге бағдарлану), сондай-ақ ашықтық пен электрондық конкурстық рәсімдер мәселелеріне арналған.

Ақ кітап мемлекеттік органдарға, инвесторларға, консультанттарға және МЖӘ жобаларын әзірлеу мен сүйемелдеуге қатысатын нарықтың барлық қатысушыларына арналған. Бұл – күрделі үдерістерді кезеңдерге бөліп түсіндіретін әрі инвесторлармен бір тілде сөйлесуге көмектесетін практикалық нұсқаулық. Кітаптың электрондық нұсқасын Қазақстандық МЖӘ орталығының kzppp.kz сайтынан жүктеуге болады.

Орталық басқарма төрағасы Аслан Калигазин басылымның жарық көруіне қатысты пікір білдіре отырып, Ақ кітап әріптестікті дамытудың келесі кезеңдері үшін бастапқы бағдар болатынын атап өтті: «2026 жылы біз халықаралық қаржы институттарының қатысуымен ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылуын алғашқы есептеулерден бастап шарттарға қол қоюға дейін толық сүйемелдейтін боламыз. Инвесторлар тәуекелдерін неғұрлым дәл ескеру үшін әдіснаманы одан әрі жетілдіреміз. Сонымен қатар елде МЖӘ-ні кеңінен дамыту үшін қажет болатын бірыңғай стандарттарға конкурстық және шарттық құжаттаманы келтіру жұмысын жалғастырамыз».

Орталықта жаңа Ақ кітап инфрақұрылымдық бастамалармен жұмыс істейтін барлық тараптар — әкімдіктерден бастап ұзақ мерзімді, тұрақты әрі әлеуметтік маңызы бар жобаларға мүдделі жеке инвесторларға дейін — үшін күнделікті қолданылатын негізгі басылымға айналуы тиіс екенін атап өтті.

Previous Қазақстандағы МЖӘ-нің қазіргі жағдайы туралы анықтама

Leave Your Comment