Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде қазақстандық делегация өкілдерінің қатысуымен “Тұрақты даму мен инклюзивті өсудің катализаторы ретінде инфрақұрылымға инвестициялар тартуға жағдай жасау” атты Азиялық мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) мамандарының конференциясы өтуде. Іс-шара аясында Қарағанды қаласындағы көпсалалы университеттік аурухананы салу мен пайдаланудың концессиялық жобасы ұсынылды.
Конференция Корея Республикасы Экономика және қаржы Министрлігінің, Корея даму институтының, Дүниежүзілік банк тобының, Азия Даму Банкінің және Азия Даму Банкі институтының қолдауымен өтуде.
Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің өкілдерінен МЖӘ саласының тәжірибелі мамандары тәжірибе алмасуға бас қосты.
Іс-шара өзара ынтымақтастық мүмкіндігін ілгерілету және өңірлік пен жаһандық МЖӘ желісінің ақпараттық платформасын құру мақсатында өтті.
Қазақстандық делегация атынан Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының Басқарушы директоры Айдос КӨБЕТОВ, ҚР ҰЭМ Инвестициялық саясат департаментінің МЖӘ басқармасының басшысы Асқар ХАМЗИН, сондай-ақ Қазақстандағы Азия Даму Банкінің өкілі қатысты.
Конференция барысында “Қарағанды қаласында 300 орындық көпсалалы университеттік аурухананың құрылысы және оны пайдалану” концессиялық жобасы таныстырылды. Жоба Қазақстандағы Концессиялар туралы заңнама бойынша екі кезеңдік конкурс арқылы инвесторды айқындайтын екінші ірі инфрақұрылымдық концессиялық жоба болады.
Анықтама үшін:
“Қарағанды қаласында 300 орындық көпсалалы университеттік аурухананы салу және пайдалану” концессиялық жобасы бойынша
Ғимараттың жоспарланған ауданы – 45 518 ш.м.
Инвестор концессионерді таңдау бойынша екі кезеңдік конкурстың қорытындысы бойынша айқындалатын болады.
Жоба жобалауды, қаржыландыруды, құрылысты, жарақтандыруды, оның ішінде медициналық техникамен жарақтандыруды, сондай-ақ жеке инвестордың техникалық пайдалануы мен қызмет көрсетуін көздейді. Оқыту мен медициналық қызметтерді Қарағанды медицина университеті жүзеге асырады. Болашақ аурухана университеттің клиникалық базасы болады, ол бүгінде студенттерді Қарағанды қаласы мен облыс бойынша 50-ден астам медициналық мекемелерге оқыту мен практикаға жіберуге мәжбүр. Заманауи және жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған клиникалық база университеттің ғылыми-зерттеу қызметін, білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға, сондай-ақ Қазақстандағы медициналық білім экспортын арттыруға мүмкіндік береді.