Әбу-Дабиде өтіп жатқан мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің дүниежүзілік форумына «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ төрағасы С. А. Сағындықов және Инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары А. А. Құсайынов қатысуда.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы 2019 жылдан бері қатысып келе жатқан Дүниежүзілік МЖӘ орталықтары және МЖӘ саласындағы кәсіпқойлар қауымдастығы (World Association of PPP Units and Professionals (WAPPP) ұйымдастырды.
Форумда Орталық және Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Латын Америкасы, Еуропа елдерінің өкілдері табысты МЖӘ жобаларын іске асыру мысалында МЖӘ тетігін қолданудың үздік тәжірибелерімен бөліседі.
«Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ төрағасы С.А. Сағындықов өз баяндамасында 2015 жылы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заң қабылданған сәттен бастап әлеуметтік және басқа да салалардағы МЖӘ жобаларының белсенді өскенін атап өтті.
Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, Қазақстанда барлығы 1 086 МЖӘ Шарты жасалды. Қазіргі қолданыстағы шарттар-789, оның 15 – республикалық деңгейде, 774 – жергілікті деңгейде.
Қазақстан заңнамасында жеке әріптесті қолдау шараларының кең ауқымы көзделген: жерді өтеусіз беру, мемлекеттік меншік объектілерін 30 жылға дейінгі мерзімге пайдалану құқығы, коммуникациялармен қамтамасыз ету. Мемлекет объект құнының 30% – на дейін қоса қаржыландыруды, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді тұтыну кепілдігін береді, инвестициялық және операциялық шығындардың бір бөлігін өтейді, субсидиялар мен басқа да шараларды ұсынады.
Сондай-ақ инвесторлар үшін ең ірі тартымды жобалар мен МЖӘ тетігін жетілдіру жөніндегі одан әрі жоспарлар ұсынылды.