Еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы аса зор жетістігі – әлеуметтік инфрақұрылымды түбегейлі қайта құруы. Білім беру, медицина және басқа да мемлекеттік қызметтерді қолжетімді әрі сапалы ете алдық. Дегенмен, тіпті ең жақсы реттелген құрылымның өзі үнемі модернизацияны қажет ететіні белгілі. Қазірде әлемнің көптеген елдерінің алдында бұл мәселе өткір тұр. Қай бағытқа алға жылжу қажет? Қалыптасқан жүйені қайтсек одан да жақсырақ етеміз? Ал мұндай жаңғыртулар елеулі қаржылай салымдарды талап етеді. Оның салдары – қаражат көздерін іздестіру, әрі оны жоспарлы уақытында және сапалы орындау.
Ендеше, осынау міндеттерді жүзеге асырудың нәтижелі тетіктерінің бірі – мемлекеттік-жеке меншік әріпстестік. Бұл дегеніміз – мемлекет пен бизнестің өзара тиімді ынтымақтастығын көздейтін экономикалық қатынас. Алғашқысы – тапсырыс беруші болса, кәсіпкер – орындаушы. Бизнес үшін мемлекеттік жобалар кешенді шаралар есебінен тұрақты пайда табу мен нарықтағы беделін арттыруға мүмкіндік береді, ал мемлекет бұл ретте азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартумен қатар жобаны іске асыруда сыбайлас жемқорлықтың араласу ықтималдығын төмендетуге қол жеткізеді.
Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары алғаш рет 2006 жылы жүзеге асырыла бастады. Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша содан бері жалпы құны 2 241 млрд теңге болатын 1045 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және концессия шарттары жасалған екен. Оның ішінде құны 1358 млрд теңге болатын 13 республикалық жоба және құны 882 млрд теңге болатын 1032 жергілікті жоба жүзеге асырылған. Егер аталмыш жобалардың бағыттары бойынша қарайтын болсақ, екі сала көш бастап тұр. Олар – білім беру және денсаулық сақтау салалары. Саны аз болғанына қарамастан, МЖӘ жобаларының тәжірибесі мемлекеттік маңызы бар объектілерге инвестициялау үшін мемлекеттік емес қаржы көздерін тарту, жобаны іске асыру бойынша тәуекелдерді мемлекет пен бизнес арасында бөлу, басқару функцияларын жеке инвесторға беру арқылы экономикалық тиімді басқаруды қамтамасыз ету сияқты елеулі оң нәтижелерді көрсетті.
«Іске асырылған жобалардың тиімділігі заңнамалық жүйені жетілдіре түсуге және МЖӘ-ні кешенді түрде дамытуға серпін берді. Бұл тұста мемлекет пен бизнестің серіктестік саласын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де қолдағанын, әсіресе ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік сыбайлас жемқорлық мәселелерін шешуде тиімді әдіс болуы мүмкін екеніне назар аудартқанын атай өту керек», – дейді «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Самат Сағындықов.