«Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» , – АБАЙ

Бүгін Ұлы ақын Абайдың туылғанына 175 жыл толып отыр, соған орай өткенге көз жүгертіп, дана сөздерді жаңа заманмен ұштастырсақ, олардың өзектілігіне, өз маңызын жоғалтпағанына көзіміз жетеді, соған бір дәлел – бүгінгі қоғамның бет-бейнесі. 
 
Абай көркем образ ретінде М.Әуезовтің «Абай жолы» романында жақсы сомдалып, ол туынды әлем халықтарының жүзден аса тіліне аударылды. 
Дегенменде, сол әлем таныған Абайды өзіміз осы күнге дейін жақсы танып, түсіне білдік пе? Ойлану, өзгеге ой салуды мақсат тұтқан қара сөздердің мән-маңызын қаншалықты ұғына білдік?  
 
Адам мен қоғам, білім мен ғылым, мемлекет пен билік туралы ақын қандай нақыл сөздер қалдырды, нені меңзеді? 
Ақын атап көрсеткен жалған намыс, надандық, қызыл сөз, өсек, өтірік, мақтаншақтық, күншілдік сияқты әдеттерімізден арылдық па?  
Осы сауалдарға жауапты ұлы ақынның теңіздей шалқып жатқан шығармашылығынан іздеу абзал.  
 
Қазіргі ағыны тез заманның көшіне ілесу үшін не қажет?   
Абай өз шығармаларында «Ғылым таппай мақтанба» деп, білім мен ғылымды игеру арқылы өркениетті ел болуды дәріптеді.  
«Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген асыл өсиетті бүгінгі ұрпақ та, келер ұрпақ та толық ұғынуы қажет. 
 
Ғұлама Абай отыз сегізінші қара сөзінде «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің.», дейді.  
 
Пушкин, Лермонтов, Крылов, Некрасов, Салтыков-Шедрин, одан әрі батыстың ойшылдары, қаламгерлері Гете, Шекспир, Байрон және тағы басқалардың туындыларын зердесінен өткізіп, сарқылмас нәр алған дана Абай «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге», – деп бекер айтпаған. 

Міржақып Дулатов ұлы ақын туралы: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қадірлі халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар», – деген.  
 
Ендеше, сол Абай мұрасын ой елегінен өткізіп рухани биікке ұмтылу, ой-өрісімізді кеңейту қазіргі қоғам үшін өзекті және ол жаңа өмірге жол ашу деген сөз.

Пресс-служба КЦ ГЧП

Все новости Центра на канале https://t.me/kzPPP_Channel

Previous ГЧП-консультант в период карантина

Leave Your Comment