Мемлекет басшысына биылғы І тоқсандағы еліміздің экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары, Экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспарының іске асырылуы туралы есеп берілді.

Президентке экономиканың нақты секторындағы ахуал және жалпы ішкі өнімге қатысты болжамдар жөнінде баяндалды. Әсет Ерғалиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа ортамерзімді перспективадағы экономиканың сапалы әрі орнықты дамуын қамтамасыз етудің негізгі жолдарын ұсынды.

Сонымен қатар министр шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі Президент тапсырмасының орындалуы туралы баяндады.

Кездесу барысында макроэкономикалық тұрақтылықты және өңірлік дамудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларға баса мән берілді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы министрге бюджет саясатының тиімділігін арттыруға, өңірлік саясатты жетілдіруге және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.

Дереккөз: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты