Түркістан облысы Түлкібас ауданына қарасты Састөбе кентінде 240 адамға есептелген «Ер Жәнібек» атындағы денешынықтыру – сауықтыру спорт кешені ашылды.

Кешен 454 млн. теңгеге мемлекеттік – жекеменшік әріптестік шеңберінде аудан әкімдігі, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен «ТұранСпортГруп» ЖШС-нің үш жақты келісімі аясында салынған. Спорт кешенінде бокс, дзюдо, үстел теннисі, баскетбол, еркін күрес және басқа да спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, киім ауыстыратын, душ қабылдайтын және бапкерлер мен медбикелерге арналған бөлмелермен жабдықталған. Айта кетелік, бүгінгі таңда Түлкібас ауданында 4 мемлекеттік спорт мектебі және бір спорт клубы халыққа қызмет көрсетеді. Мұнда спорттың 16 түрінен үш мыңға жуық жас спортпен шұғылдануда.

Кешеннің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Н.Тұрашбеков жиналған қауымды спорт күні мерекесімен және кент тұрғындарын жаңа ғимараттарымен құттықтап, спорт саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Салтанатты жиынға арнайы келген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Түркістан облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Махамбет Сапарбаев құттықтау сөз сөйлеп, ыстық лебіздерін білдірді. Сондай-ақ спорт кешенінің ашылу салтанатына орай бокстан облыс біріншілігі өтіп, жеңімпаздар марапатталды.

Ақпарат таратушы: egemen.kz