Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында Инвестициялар және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитеті UNICEF-пен бірлесіп ұйымдастырған “Білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін іске асыру” тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Қазақстандық делегация тарапынан Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы атынан Басқарма төрағасы Самат Сағындықов пен төраға орынбасары Мұхамед Кабульдинов қатысты.
Дөңгелек үстел мемлекеттік білім беру мекемелері мен жеке сектор арасындағы ынтымақтастық саласындағы идеяларды, практикалық шешімдерді және тәжірибені талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Қатысушылар білім алмасу және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін іске асырудың неғұрлым тиімді тәсілдерін анықтау үшін жиналды.
Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы білім беру саласындағы жобаларды іске асыру тәжірибесін таныстырды. Объектілердің түрлері бойынша іске асырылған жобалардың статистикасы, сондай-ақ осы саладағы МЖӘ жобаларын іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігінің салалық көрсеткіштеріне талдау ұсынылды.
Сондай-ақ, Тәжікстан Республикасының Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру орталығы мен Қазақстан мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.