Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Астанада Халықаралық қаржы корпорациясының (IFC-Дүниежүзілік банк тобына кіреді) сектораралық шешімдер жөніндегі вице-президенті Эммануэль Ньиджиринкиндримен кездесу өткізді.
Кездесуге Таяу Шығыс, Орталық Азия, Түркия, Ауғанстан және Пәкістан елдеріндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәмілелері бойынша IFC консультативтік тобының өңірлік менеджері Майкл Опаги, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша IFC өңірлік менеджері Зафар Хашимов және Дүниежүзілік Банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев қатысты.
Тараптар тікелей шетелдік инвестиция тарту және ірі инфрақұрылымдық жобаларды мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы іске асыру мәселелерін талқылады.
Нұрлан Байбазаров IFC-мен ынтымақтастықта іске асырылатын жобалар елдің тұрақты дамуы мен экономикалық өсуін қолдауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті. Осындай жобалардың бірі Үлкен Алматы айналма автожолы (ҮАААЖ) және Алматы қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалын жаңғырту.
Вице-премьердің айтуынша, Қазақстан энергетика, көлік, ТКШ саласындағы МЖӘ жобаларын құрылымдауға, сондай-ақ газ жылу электр станцияларын, жел парктерін, тазарту құрылыстарын салуға көмек көрсету жөніндегі IFC бастамасын құптайды.
«Әріптестік жылдарында біз экономикалық мәселелердің кең спектрін қозғайтын өзара тиімді ынтымақтастықты құра алдық, оны одан әрі дамытуға ниеттіміз. Атап айтқанда, біз өз мамандарымызды инфрақұрылымдық жобалар мен арнайы қорлар құру саласындағы халықаралық IFC сертификаттарымен оқытуға және сертификаттауға мүдделіміз», — деді Н. Байбазаров.
Өз кезегінде Эммануэль Ньиджиринкиндри IFC Қазақстанның ұзақ мерзімді әлеуетін атап өтіп, оның басым даму бағыттарын қолдауды жалғастыратынын айтты.
Сондай-ақ IFC өкілдері елдің тұрақты және инклюзивті өсуі мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің өршіл жобаларын табысты іске асыруға жәрдемдесу үшін халықаралық тәжірибе мен ресурстар ұсынуға дайын екендіктерін білдірді.