Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бірінші кезектегі инфрақұрылымдық проблемалар қатарында энергетика секторы мен коммуналдық шаруашылық салаларын, жол-көлік инфрақұрылымын атады. Бұл ретте тек мемлекеттік қаржыландыруға сенім арту – жеткіліксіз. Экономикаға жеке инвестицияны көптеп тарту талап етіледі. Сондықтан Президент мемлекет-жекеменшік әріптестігінің (МЖӘ) маңызына тоқталып, Үкіметке МЖӘ арқылы жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобалар пулын айқындауды тапсырды.
Қай межедеміз?
«Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Аслан Қалиғазиннің айтуынша, МЖӘ көмегімен инфрақұрылымды дамытуға ұмтылатын елдерді қолдауда Азия Даму банкі (АДБ), Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), Дүниежүзілік банк (ДБ) сияқты халықаралық қаржы институттары шешуші рөл атқарады. Бұл ұйымдар қаржыландыруды қамтамасыз етіп қана қоймай, жобаларды дайындау мен іске асыруды жақсартуға көмектесетін техникалық көмек, консалтингтік қызметтер ұсынады.
АДБ «Asia Pacific Project Preparation Facility» (AP3F) платформасы арқылы МЖӘ саласындағы бастамаларды белсенді түрде ілгерілетіп келеді.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы Еуропалық экономикалық комиссиясының МЖӘ саласындағы тиімді басқару мәселелері бойынша практикалық басшылық МЖӘ бағдарламалары толық қолданылғанға дейін елдің белгілі бір кезеңдерден өту үрдістерін анықтаған», деп түсіндірді Аслан Ермекұлы.
«Бірінші кезең, нақты жобалардың саны аз кезде, МЖӘ-ні іске асыру үшін көп кедергілерді еңсеруге тура келеді. Әуелі МЖӘ жобаларын іске асыру жөніндегі институтты, үдеріс пен рәсімді дамыту қажет. Екінші кезең, заңнаманы реформалап, стратегиялық және практикалық басты қағиданы жариялап, МЖӘ мәселесімен айналысатын маманданған құрылым құру керек. Сонымен бірге, МЖӘ моделін нақтылап, оған қатысты нарықты дамытуды ынталандыру ләзім. Жоба портфелін кеңейтіп, әртүрлі секторды қамтып, қаржыландырудың жаңа көзін тарту сынды үдеріс белгіленуге тиіс», деп пікірін жалғастырды басқарма төрағасы.
Айтуынша, тек үшінші кезеңде бағдарлама маңызды бола бастайды. Бұл сатыда бірнеше ел ғана орналасқан.
«Біздің ел МЖӘ дамуының екінші сатысында тұр. МЖӘ-ні дамыту – жеке инвесторға елдің тартымдығын арттыруға жүргізетін институционалдық және заңнамалық реформаларға негізделеді. Жалпы, МЖӘ туралы заң қабылданған сәттен бастап елде білім беру, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, ақпараттық жүйелер сияқты негізгі инфрақұрылымдық салаларды қамтитын 1 300-ден астам МЖӘ жобасы іске асырылды», деді басқарма төрағасы.
Былтыр әлеуметтік салада МЖӘ-ні дамытудың кешенді жоспары қабылданған.
МЖӘ шеңберінде дамитын ШОБ
Елдегі МЖӘ орталығының ресми сайтында жарияланған жобалар базасында МЖӘ жобаларының көпшілігі жергілікті деңгейде (1 058 жоба) іске асырылғаны көрініп тұр. Бұл жергілікті кәсіпорындарды қызмет көрсету және жұмыстарды орындау үдерісіне тартуға ықпал етеді.
«Білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жобалар шағын және орта бизнеске оқушыларды тамақтандыруға, мектепке дейінгі білім беру, спорт нысанымен қамтамасыз ету ісіне қатысуға мүмкіндік жасайды. Бұдан басқа, ШОБ бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін медициналық мекемелер құру бойынша МЖӘ тетігі арқылы жобаға қатысады», дейді.
Іске асқан ілкімді жобалар
Алғашқы концессиялық келісімдер 2005 жылы жасала бастаған. Олар аймақ инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. 2015 жылы мемлекет-жекеменшік әріптестік туралы заңның қабылдануы МЖӘ шарттары санының күрт өсуіне серпін берді.
«Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалпы құны 2 187,6 млрд теңге болатын 1 072 МЖӘ және концессия шарттары жасалды. Оның ішінде бағасы 1 243,7 млрд теңге болатын 14 республикалық жоба және құны 943,9 млрд теңге тұратын жергілікті маңызы бар 1 058 МЖӘ жобасы іске асырылды. МЖӘ жобасының ең көп саны білім беру саласына тиесілі. Оның жалпы құны – 194 млрд теңге. Капиталды көп қажет ететін көлік және инфрақұрылым саласында құны 850 млрд теңге болатын 26 жоба қолға алынып жатыр», деді орталықтың МЖӘ жобаларын іске асыруды бағалау департаменті директоры Айгүл Садықова.
МЖӘ жобасының бірі – «Шар – Өскемен стансасы» теміржол желісі. Осы іргелі жобаның арқасында оңтүстік бағытта 328 шақырым және солтүстік бағытта 92 шақырым тасымалдау қашықтығы қысқарды. Стандартты емес жүктерді тасымалдау мүмкіндігі пайда болды. Бұрын шығыстан елдің басқа аймақтарына жету үшін пойыз көрші мемлекеттің стансасына барып, бірнеше сағат тұруы керек еді. Бұл жолаушыға да, жүк тасымалдаушыға да өте ыңғайсыз болды. Жобаны іске асыру нәтижесінде мәселе шешілді.
Концессия саласындағы алғашқы жобаның бірі – ұзындығы 486 шақырым болатын «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» өңіраралық электр беру желісі. Жоба Ақтөбенің энергия тәуелсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие. Бұрын аймақ республиканың бірыңғай энергетикалық желісіне қосылмаған еді. Электр энергиясы Ресейден экспортталып келді. Салдарынан тариф тұрақты өсіп отырды. Аталған жоба нәтижесінде берілетін электр энергиясының көлемі ұлғайып қана қоймай, түпкі тұтынушы үшін құны да төмендеді.
«Соңғы 3 жылда Астана мен Атырауда МЖӘ тетігімен мектептер салынып жатыр. 16 мыңға жуық бала жабдықталған жаңа мектепте оқуға мүмкіндік алды. Түркістан облысында МЖӘ бойынша 20-дан астам жайлы мектеп салу жоспарланды. МЖӘ жобалары спорт саласында да бар. Мысалы, ұлттық құраманы даярлауды жүзеге асыратын Астанадағы «Тарлан» мұз аренасы, паралимпиадалық жаттығу орталығы. Осы нысанда жаттығатын 44 спортшы биыл Париждегі Олимпия ойындарында 9 спорт түрі бойынша бақ сынады», дейді Айгүл Садықова.
Жүйе цифрланып жатыр
Мемлекет-жекеменшік әріптестік жүйесін цифрландыру былтырдан бері белсенді дамып келеді. Бұл бағыттағы негізгі қадам – Еуразиялық даму банкі грантымен бюджетке жүктемесіз іске асырылған жеке әріптесті іріктеу бойынша конкурстық рәсімді өткізуге портал құру.
«МЖӘ туралы» заңға «МЖӘ веб-порталы» мен «МЖӘ веб-порталының операторы» сияқты жаңа ұғым енді. Бұл «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-ға оператор рөлін алуға мүмкіндік берді. МЖӘ жобасын жоспарлау мен іске асыру ережесі веб-портал арқылы жүргізілетін рәсімді қамту үшін жаңарды. Қағаздан цифрлық форматқа көшу конкурс ашықтығын арттырып, бизнес пен халыққа ақпараттың қолжетімділігін едәуір жақсартты. Порталда 219 конкурс жарияланды. 300-ден астам әлеуетті жекеше әріптес тіркелді. Оның көбі байқауға қатысуға цифрландыруды пайдаланады. Игі іс өтінім беру үдерісін және мемлекеттік органмен өзара іс-қимылды жеңілдетеді. Бұл мемлекет пен жеке сектор арасындағы ынтымақтастыққа тиімді және ашық орта жасайды», деді Аслан Ермекұлы.
Даму жолын реттейтін заң
МЖӘ туралы заңнама белсенді дамып келе жатқанымен, бірнеше түйінді мәселені айтқан жөн. Бірінші, құқықтық және институционалдық кедергі. Қазіргі заңның күрделілігі мен қайталанатын нормалары маңызды мәселе болып тұр. «Концессиялар туралы» заң мен «МЖӘ туралы» заң жобаны іске асыруда қиындық туғызатын әртүрлі жағдайға әкеледі. Алайда заңнаманы біріздендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс осы кедергілерді жоюға бағытталған. Бұл туралы орталықтың атқарушы директоры Надира Мырзағалиева айтты.
«Екінші – жобаны іске асырудағы тәуекел. Табыс бар, алайда жобаны бұзу қаупі әлі де жоғары. Мысалы, осыған дейін 127 МЖӘ шарты бұзылды. Бұл жобаны дайындау сапасын одан әрі күшейту қажет екенін көрсетеді. МЖӘ жобасын іске асыру стейкхолдерлердің үйлесімді жұмысына байланысты. Айталық, мемлекеттік әріптестің уақытылы мониторингі, жеке әріптестің МЖӘ шартында алған міндетті орындауға адалдығы, жеке әріптес көрсететін қызметті тұтынушының кері байланысы, бақылау-қадағалау органының әділ қатынасы көп істі шиеленістірмей шешуге көмектеседі», деді ол.
Айтуынша, үшінші қиындық – келісімшарттық талапқа өзгеріс енгізудің қажеттілігі.
«Жобаның ұзақ мерзімді сипатына орай, сыртқы фактордың өзгеруіне байланысты шарт талабын түзету қажеттігі туындайды. Заңдағы қазіргі шектеулер жоба мен түпкілікті бенефициардың мүддесі үшін жағдайды икемді түзетуге кедергі келтіреді. Алайда жоспарланған түзетулер міндетті сараптама және мемлекеттік органдармен келісу шартымен тиімді өзгеріс мүмкіндігін көздейді. Заңнама тұтастай алғанда өз функциясын орындайды, бірақ оны жетілдіру өзекті міндет болып қала бермек», деді атқарушы директор.
Дереккөз: Egemen Qazaqstan газеті
Сұқбаттасқан журналист: Нұрбай Жолшыбайұлы
Сілтеме