МЖӘ Орталығының алаңында Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) Жапония Үкіметінің қолдауымен APMG халықаралық біліктілігі бойынша оқыту бағдарламасының күндізгі кезеңі өтуде.
Бағдарлама мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған және “МЖӘ негіздері” бойынша оқытудың үш деңгейінің біріншісін қамтиды.
Бағдарламаның мақсаты энергетика, көлік, қаржы, су ресурстары және ирригация және Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің кәсіби сараптамасын дамытуға жәрдемдесу және білімдерін тереңдету болып табылады.
Бастама Қазақстан Үкіметінің IFC қолдауы шеңберінде іске асырылады және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйек айындағы халыққа Жолдауында белгіленген міндеттерді орындауға ықпал етеді. Басымдықтардың қатарында — халықаралық қаржы институттарын тарта отырып, МЖӘ жобаларын әзірлеу сапасын арттыру.
“МЖӘ негіздері” курсы МЖӘ жобаларын құрылымдау мен басқарудың базалық қағидаттарын, халықаралық тәсілдерін, сондай-ақ мемлекеттік инфрақұрылымды құруға жеке секторды тарту ерекшеліктерін зерделеуге арналған. Мысал ретінде БАКАД сияқты отандық жобалар қарастырылады.