Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығында Азия даму банкі (АДБ) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында фискалдық басқару саласындағы реформалар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бағытында одан әрі ынтымақтастықтың мүмкіндіктері қарастырылды.
Тараптар Қазақстандағы МЖӘ дамуын бағалайтын сапалы индикаторларды әзірлеу тәсілдеріне назар аударды. Бұл индикаторлар реформалардың жүзеге асу барысын жүйелі түрде бақылауға және қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
МЖӘ орталығы заманауи құралдарды енгізу және мамандардың құзыреттілігін арттыру бағытындағы жұмысын белсенді түрде жалғастыруда. Кездесу барысында АДБ-пен бірлескен бастамалар, соның ішінде оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру және тәжірибе алмасу алаңдарын құру мәселелері талқыланды. Аталған бағыттар Орталық пен мүдделі тараптардың институционалдық әлеуетін нығайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі болып табылады.
Кездесу барысында сындарлы диалог орнап, тұрақты экономикалық даму мен тиімді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмдерін ілгерілетуге бағытталған бірлескен шешімдер пысықталды.