Жуырда Астанада, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында брендтелген МЖӘ аудиториясы ашылады. Бұл бастама Еуразиялық даму банкі (ЕДБ), ЕҰУ және Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы арасында қол қойылған техникалық ынтымақтастық туралы үшжақты келісім аясында жүзеге асырылмақ.
Аудиторияның негізгі мақсаты – мемлекеттік-жеке меншік әріптестік саласындағы білім мен тәжірибені дамыту, студенттер мен оқытушыларға арналған оқу іс-шараларын өткізу және халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау болып табылады. Мұндай аудиториялар бұған дейін Еревандағы Ресей-Армян Славян университетінде, Душанбе қаласындағы Ресей-Тәжік Славян университетінде және Бішкектегі Қырғыз-Ресей Славян университетінде ашылған. Атап өтсек, Бішкекте өткен 4-ші Халықаралық МЖӘ конференциясы аясында Қырғыз-Ресей Славян университетінде осындай аудиторияның ашылуы өтті және онда ЕДБ-ның МЖӘ бойынша стипендиялық бағдарламасының алғашқы қатысушылары марапатталды. Алдағы уақытта бұл бағдарлама аясында ЕҰУ студенттеріне де стипендиялар тағайындалатын болады.